Тараз қаласы – тұнып тұрған шежірелер мекені. Көне шаһарда тарихи мекендер мен көне жәдігерлер жетерлік. Бүгінгі ұрпақ өткенді, тарихты терең біліп қана болашақты бағдарлай алатын азамат болып өседі. Сол себепті де кешегіні біліп, оның қадіріне жете алудың, өткенді ұмытпаудың маңызы зор.
Апта аралығында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру және оқушыларды өткен тарихты біліп, елін сүюге баулу мақсатында туған өлке жәдігерлеріне саяхат ұйымдастырылды. Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрсұлтан Алтынбековтің бастамасымен ұйымдастырылған жәдігерлер мекеніне саяхатқа мектептің 5 және 6-сынып оқушылары, сынып жетекшілері мен ата-аналары қатысты.
Оқушылар «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына, «Төрткөл» керуен сарайына, «Әулие-Ата» этно-тарихи кешеніне, «Тараз-Арена» спорт кешеніне, «Жеңіс» саябағына саяхат жасап, тарихи деректерге тұнған мекендерді аралады. Экскурсия барысында оқушылар шежірелі Тараз қаласының тарихи орындарына барып, өткеннен қалған дүниелермен танысты. Әр дерек пен өткеннің белгісі болып қалған әр жәдігерге мұқият зер салған жас саяхатшылар мол ақпарат алды.
– Көне Тараздың тарихи нысандары туралы оқыған бір бөлек, көзбен көріп, онда қойылған көне бұйымдарды қолмен ұстап көру сезімі мүлдем басқа. Балалар саяхат соңында бір-бірімен алған әсерлерімен бөлісіп, көргенбілгендерін өзара талқылап, уақытты қызықты өткізгендіктерін айтып жатты. Олардың бал-бұл жанған жүздерін көріп еріксіз көңілің жібіп, қуанып қалады екенсің», – дейді ата-аналар.
Саяхаттаудың баланың кез келген жасында да өзіндік әсері бар. Бала айналасын саяхаттап жүріп таниды. Сезімталдығы дамиды. Оқушы балаларды бірге ертіп шықсаңыз, саяхаттау арқылы таным көкжиегі кеңейеді. Мектеп қабырғасында шетелді тек тарих пен география пәнінен білсе, көзбен көргенде оның санасының өсіп, ойлау мен зейінінің дамуына зор ықпалы бар. Мұндай шаралардың өскелең ұрпақтың шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға, балалардың өзін-өзі ұйымдастыру қабілеттерін дамытуға, саяхат пен өлкетану және басқа да танымдық қызмет түрлеріндегі білім мен іскерліктерін ілгерілетуге ықпалы зор екендігін алға тартты ұстаздар.
Жанат АБЛАСАНОВА, Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі.