Алқап іші толған қызыл қап…

Биыл облыс бойынша 24,5 мың гектарға пияз дақылы отырғызылып, өзге жылдармен салыстырғанда өнім көлемі 2 мың гектарға артты. Бұл көрсеткіштердің еселеп артуында Шу, Жамбыл, Қордай, Байзақ аудандарының шаруаларының қосып отырған үлесі айрықша. Кейінгі бес жыл ішінде бұл дақылдың көлемі 10 мың гектарға артып отыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алқаптарды аралаған сайын «Пияз Жамбыл жерінің брендіне айналуы қажет» деп үнемі айтып, шаруаларға ерекше қолдау көрсетіп келеді. Былтыр әр гектардан алынған өнім 306,7 центнерді құраса, биыл ол көрсеткіш екі есеге ұлғайған. Пияз дақылы себілген алқаптың 17 мың гектарына су үнемдеу технологиялары қолданылуда. «Мол өнім – сол жаңа технологияның жемісі. Бүгінгі таңда өңірде егілген пияздың 88 пайызы жиналды. Алқаптарда сабантой өтетін күндер алыс емес», – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Тұңғыш Жанұзақов.

Аталмыш басқарманың ұйытқы болуымен кеше Жамбыл ауданының пияз дақылы отырғызылған алқаптарында баспасөз туры өтті. БАҚ өкілдері Жамбыл ауданы, Айшабибі ауылдық округіндегі «Ақкөл» шаруа қожалығының 45 гектар алқапты алып жатқан пиязды алқабындағы дақылды жинау науқанымен танысты. Біз барған кезде қожалықтың алқабында онға жуық «Камаз» қаздай тізіліп тұрды. Бұлар өзге облыстардан пиязды сатып алуға келгендер екен. Пиязды қызыл торға қаптап жатыр екен. Алқап басы қызыл қапқа толып кетіпті. Теңкиген қызыл қаптан көз сүрінеді. Пияздың әр келісі алғаш науқан басталған кезде 65 теңгеден өткерілсе, қазір 45-50 теңгеге төмендепті. Бағаның бұлай құбылуы басқа да алқаптардағы өнімнің жиналуына байланысты болып отыр. Баға төмендеу болса да, қысқа сақтағаннан гөрі, пиязды алқап басынан сатып жібергеннің тиімді екенін айтты шаруалар. Қожалық төрағасы Алтынбек Керімқұловты егіс даласынан кездестірдік.
– «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дейді қазақ. Дақылды алғаш отырғызған кез­ден бастап су үнемдеу техно­логиясын пайдаланып, қажетті тыңайтқыштың барлығын бер­дік. Нәтижесінде, міне, өнім көле­мі артып отыр. Біздің алқап­та әр гектардан 100 тонна, кей­бір жерінде 110 тоннадан өнім алы­нуда. Бұл бұрынғы көрсеткіштен үш есе артық өнім алынды деген сөз. Пиязды бір жыл еккен соң, екінші жылы ол орынды бидай немесе қызылшамен алмас­тырып, үшінші жылы пиязды қайта егіп отырамыз. Бабын жасап, тыңайтып отырсаң, жер-анадан асқан жомарт жоқ, – дейді қожалық төрағасы ағынан жарылып. Ал, Жам­был ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы­ның міндетін атқарушы Самат Жарасбаевтың айтуынша, биыл аудан аумағындағы 59 мың 35 гектар егіс алқабына ауыл шаруашылық дақылдары егіліп, 688 гектарға пар көтерілген. Егістік көлемі осылайша 2403 гектарға артып отыр екен. Оның ішінде 117 шаруа қожалығы иелері еккен пияз дақылы 5582,4 гектарды құрап отыр. Оның бүгінгі таңда 2875 гектары жиналып, жалпы өнім 101833 тоннаны құрады. Орташа өнімділік гектарына 360 центнерден айналуда. «Аудан бойынша 34 мың 700 тонна картоп, көкөніс және жеміс сақтауға қауқарлы 112 қойма бар. Оның ішінде 47 қойма пияз сақтауға арналған. Онда 21 мың 115 тонна пияз сақтауға мүмкіндік бар», – дейді Самат Жарасбаев.
Ал, Айшабибі ауылдық округінің әкімі Дәрмен Дәулетов округте 8 мың 45 гектарға егіс дақылдары егілгенін, округтегі 278 шаруа қожалығының 10 ірі шаруашылығы пияз өсірумен айналысатынына тоқталды.
– Еліміздегі пияздың 75 пайы­зы облысымызда өсіріледі. Біздің өңірдің пиязы Ресейдің қиыр шығысына, Еуропа елдеріне, өзіміз­дің солтүстік, орталық, батыс облыстарға жөнелтілуде. Оның өзі Әулиеата пиязының сапасы жоғары екенін көрсетеді. Алдағы уақытта дақылдың бұл түріне тамшылатып суару әдісін көбірек қолданатын боламыз. Бұл тұрғыда шаруаларға бірқа­тар жеңілдік жасалды, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруа­шы­лы­ғы басқармасының егін шаруашы­лығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов.

Есет Досалы,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.