Мемлекеттің кешенді жобасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы мемлекеттің негізгі құрылымдарының қызметін шынайы бағамдап, елдің әл-ауқатының одан әрі өсуінің негізгі векторларын анықтап берді. Президент мемлекет пен қоғам өмірінің әр саласына қатысты ой-пікірлері мен тың идеяларын, ұсыныстары мен тиісті органдарға арналған тапсырмаларын ортаға салып, көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға тиянақты әрі көкейге қонымды жауап берді. Бүгіннің өзекті мәселелеріне тоқталып, сол проблемалардың шешілу жолдарын атап өтті. Бұл – пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, саяси жаңғырту және адам құқықтарын қорғау.

Президент Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне тағы да кеңінен тоқталды. Өйткені елімізде мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құрудың алғышарттары бар. Ол – ауыл әкімдерін сайлау, инфрақұрылымдық, әлеуметтік бастамаларға аудандар мен ауылдық округтердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізу, халық бюджеті ұғымын қолданысқа тереңірек енгізу. Сондай-ақ мәслихаттардың қоғамдағы рөлін, құзыреттілігін күшейту, ашықтығын қамтамасыз ету, осы арқылы өзін-өзі басқару институтының бейнесін жаңғырту, оның даму жөніндегі түбегейлі тұжырымдамасын әзірлеу. Мәслихат сессияларында «онлайн формат» жүйесін қолдану мәслихат жұмысының ашықтылығын қамтамасыз етіп, депутаттарымыздың өз өкілеттіктеріне жауапкершілігін арттыратыны анық.
Президент атап өткендей, егер азаматтардың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Сондықтан мемлекеттік басқарудың жаңа моделі әр азаматтың мұң-мұқтажын, халықтың үнін ескеруге бағытталып тұр. Басты міндет – билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату.
Жолдаудағы қуантарлық жаңалық – ең төменгі жалақының 42500 теңгеден 60000 теңгеге дейін өсуі. Бұл 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске аспақ. Мәдениет саласы, кітапханашы, мұрағатшы, техникалық қызметкерлердің материалдық жағдайы назардан тыс қалмай, алдағы 5 жылда жалақыны жыл сайын 20 пайызға өсіру еліміздегі 600 мыңнан аса қызметкерге қолдау болмақ.
Мемлекет басшысы қоғам арасында талқыға түскен мемлекеттік тіл мәселе­сін де күн тәртібінен қалдырмай, қазақ тілін білу – отаншылдықтың белгісі екенін жеткізді. Сонымен қатар, қоғам арасында белең алып бара жатқан әлеуметтік желілердегі бір күндік атаққұмарлық, вакцинаға қарсы елді үгіттеу сынды өзекті мәселелер қауіпті құбылыс екенін және зиялы қауым тарапынан осындай сұрақтар ұдайы назарда болу қажеттігін атап өтті.
Биылғы Жолдау – жаңа кезеңдегі тәуекелдер мен ауыртпалықтардың алдын алып, оларды еңсеруге бағытталған мемлекеттің кешенді жобасы. Бұл құжат – алдағы уақытта атқарылатын жедел іс-қимылдар мен оң өзгерістердің нақты алғышарты. Онда айтылған негізгі міндеттер тізбесі еліміздің пандемиядан кейінгі кезеңдегі қалыбын айшықтап тұр. Еліміздің кешенді әрі жүйелі түрде дамуына негіз болатын құнды құжатта көрсетілген мәселелерді бүкіл қоғам болып жүзеге асыруға атсалысайық.

Серік Спатов,
аудандық мәслихат аппараты құқық және іс-жүргізу бөлімінің басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.