Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру пункттерін құру және мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрт қауіпті маусымының өту барысы қаралды.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбековтің айтуынша, бүгінде өңірде өрт қауіпсіздігін ТЖД-ның 21 бөлімшесі мен жергілікті атқарушы органдардың 24 өрт сөндіру пункті қамтамасыз етуде.
Қазіргі таңда облыстағы 75 елді мекенде өрттен қорғау жүйесі жоқ. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында өткен жылы облыста 5 жаңа өрт сөндіру пункті ашылды.
Биылғы жоспарға сәйкес облыста тағы 27 өрт сөндіру пункті құрылады. Оның ішінде 23-і жаңадан салынып, 4 қолданыстағы пункт қайтта жаңғыртылады.