Билер шешімі – шындықтың шырағданы

Апта аралығында ауданымызға облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов бастаған алқалы топ арнайы келді. Олар әуелі аудан орталығы – Аса ауылындағы орталық алаңға ат басын тіреп, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Одан кейін алқалы топтың жұмысы аудандық «Жастар ресурстық орталығында» жалғасты. Олар орталықтың акт залында аудандық билер кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен «Медиация – бітімгершілікке әкелетін жол» тақырыбындағы облыстық көшпелі семинар-кеңеске қатысты. Басқосуға аудандық мәслихаттың хатшысы Райымбек Сейітов, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Салтанат Арғынбаева, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы арнайы қатысты.
Айтулы шараны аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы ашып, салмақты сөз сабақтады.
– Тәуелсіз елімізде ардагерлеріміздің, қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің алатын орны ерекше. Өскелен ұрпаққа тәрбие беріп жол көрсететін, бағыт-бағдар беретін қазыналы қарияларымыз екендігі сөзсіз.
Ауданда ардагерлер, билер, қоғамдық кеңестерінің жұмысы бір жүйеге келтіріл­ген. Аталған кеңестер өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқарып келеді.
Билер кеңесі семинарының ауданда өтуі біз үшін өте маңызды деп білеміз. Қазақ қоғамында билер кеңесі мемлекеттік маңызды мәселелерді өзара бітімгершілікпен, келіссөзбен шешетін жүйелі органдардың бірі болып табылады.
Жалпы алғанда, билер кеңесі түрлі дау-дамайларды, келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей шешудің жолдарын қарастырады. Біздің ауданда да бұл бағыттағы жұмыстар жолға қойылған. Тиісті шаралар қабылданып, нақты жұмыстар жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, аудандағы 17 ауылдық округте билер кеңесі құрылған. Билеріміз арнайы медиация курстарында оқып, сертификат алған. Олардың жұмысын аудандық билер кеңесі үйлестіріп отыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі көңілге қонымды. Былтыр 38 тұрмыстық және азаматтық дау-дамайлар оң шешімін тапса, биыл 22 іс бітімгершілікпен аяқталды.
Ұйымдастырылған шараның мақсаты жоғарыда көрсетілген бағыттағы жұмыстарды дамытумен, өзара тәжірибе алмасумен ерекшеленеді, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Басқосуда облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасап, мән-жайды кеңінен баяндады.
– Соңғы жылдары Елбасының бастамасымен қоғамда орын алған дау-дамайларды, келіспеушіліктерді сотқа дейін жеткізбей шешудің жолдары қарастырылуда. Әрі сол мақсатпен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалдарының қатысуымен және әр деңгейдегі соттардың тікелей ықпал етуімен жер-жерде билер кеңестері құрылып, жұмыс істей бастады. Осы үрдіс аясында ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында 2018 жылдың 22 қарашасында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрамы 7 адамнан тұратын билер кеңесі құрылған болатын. Ал 2019 жылы Тараз қаласы мен аудандарда құрамы 5 адамнан, 154 ауылдық округте құрамы 3 адамнан тұратын билер кеңесі іске кірісіп, өз жұмыстарын атқаруда. Қазіргі таңда облыс бойынша билердің жалпы саны 518-ге жетіп отыр. Аталған билер кеңестерінің құрамына ел ішінде беделді, абыройлы, ақыл-парасаты мол, біліктілігі жоғары, өмірлік тәжірибеге ие ардагерлер мен дін өкілдері тартылды.
Билер кеңесі – бұл қазақ билерінің дәстүрін жаңғырту, дауласушылық деңгейін төмендету, құқық бұзушылыққа төзбеушілік пен оның алдын алу мәселелері бойынша салт, ғұрып, озық дәстүрлерді сақтау жөнінде құрылған кеңесші орган. Билер кеңесінің тұрғындар арасында адами қарым-қатынастардың сақталуы мен әлеуметтік шиеленістерді болдырмауға тигізер септігі зор.
Билер кеңесі «Медиация туралы» Заң аясында жұмыс істеп, көршілер мен достар, әріптестер арасындағы, тіпті ата-аналардың балаларына қатысты даулы мәселелерінің де бейбіт жолмен шешілуіне қол жеткізуде. Негізі, дауларды шешудің балама әдістерін халқымызға насихаттаудың, қоғамда оны тиімді үрдіс ретінде қалыптастырудың және осы мақсатқа жету жолында зиялы қауымның ақыл-кеңестеріне ден қоюдың үлкен мәні бар. Бұл ретте, біріншіден, дау-дамайлар соттың араласуынсыз жылдам шешіледі. Екіншіден, уақыт пен қаржы шығыны үнемделеді. Үшіншіден, әрқилы деңгейдегі соттардың жүктемесі азайтылады. Төртіншіден, баламалы әдістерді қолданудың нәтижесінде қоғамда азаматтардың және заңды тұлғалардың арақатынасында ауызбіршілік сақталады.
Бұл игі үрдіс Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы негізгі мәселелермен астасып жатыр. 2019 жылдан бергі аралықта облысымызда билер кеңестері дау-дамайды сотқа дейін немесе сот үдерісі барысында шешу бағытында жемісті жұмыс жүргізіп, оң нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, былтыр облыстағы билер кеңестері 450 дау-дамайлық істерді шешуге мұрындық болды. Ал, оның ішінде сотқа дейінгі қаралған мәселелер саны – 120. Билер кеңесінің кәсіби біліктілігінің арқасында биыл бұл көрсеткіштер едәуір азайған. Аталмыш мәселелердің көпшілігі азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастан туындайды, – деді Оңласын Қарабайұлы.
Бұдан кейін баяндама жасаған спикерлер де отбасылық дау-дамайлар мен татуласу мәселелері жөнінде өз пікірлерін білдіріп, билер кеңестерінің қоғамдағы рөлінің артуына баса мән берді. Бұл бағыттағы жұмыстардың жандануы бойынша өз ұсыныстарын айтты.
Семинар-кеңесті қорытындылаған Оңласын Есіркепов аудан басшылығына алғысын айтып, қоғамдық ахуалдың тұрақтылығын қалыптастыру аға буынға жүктелген негізгі міндет екенін алға тартты.
Соңынан облыстық ардагерлер және билер кеңестеріне еңбегі сіңген, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың нығаюына елеулі үлес қосқан аудандық билер кеңесінің мүшелері Тойшыбек Жарасов, Оңласын Атыхаев, Орынбай Рысбаев облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.