Халық қалаулылары Жуалы ауданында болды

«Орынсыз момын, орынсыз пысық, орынсыз ақылды болмауымыз керек»

деді халық қалаулысы Мейрамбек Төлепберген

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген Жамбыл облысына арнаған іссапар кестесіне сәйкес, Жуалы ауданына да атбасын бұрып, «Нұрай Плаза» бизнес орталығында «Нұр Отан» партиясы Жуалы аудандық филиалына қарасты «Б.Момышұлы» бастауыш партия ұйымының кабинетінде қоғамдық қабылдау жасады.

Қоғамдық қабылдауға түрлі мәселемен келушілердің қатары көп болды.

Алғашқы болып келген Байұзақ Серкебаев аудан шаруаларының атынан бірнеше мәселені көтерді. Оның ең маңыздысы «Аммофос» тыңайтқышы бағасының бірден 2,5 есеге көтерілуі. Шаруаның айтуынша, былтыр тыңайтқыштың бағасы тоннасы 140 мың теңге болса, биыл 250 мың теңге болып отыр. Оның үстіне қосымша қосылған құн салығы бар. Тыңайтқышқа Үкімет тарапынан төленетін субсидия тоннасына 60 мың теңге. Жерді тыңайтусыз пайдалану шаруаларды пайдаға емес, шығынға батырады. Оның үстіне, былтырғыдай қуаңшылық болса, жағдай тіпті қиын болмақ. Сондықтан Үкімет осы мәселенің тездетіп шешілуіне әрекет жасаса дейді шаруа.

Сонымен бірге сусидия алу үшін жиналатын құжаттардың тым көптігі шаруаларды мезі қылғаны жайлы да мәселе көтерді.

Мейрамбек Төлепберген Мемлекет басшысы айтқандай, субсидияның айналасында былықтың көп екенін айта келіп, шаруаға талабыңыз орынды ма соңына дейін жеткізуге тырысыңыз. Талабыңызды орынды, тиісті жерге ашық қоя білу керек екенін айта келіп, мәселені үкіметке жеткізетінін айтты.

Байұзақ Серкебаев сонымен қатар, ауылшаруашылығы техникаларын 25 пайыз субсидиялау мәселесіндегі кемшіліктер, картоп дақылының ауруларымен күресте, аурудың алдын алуда үкіметтен көмек болса, ет, егін бағытында жұмыс істеп жатқан шаруаларға өнімін қабылдайтын орын ашылса деген өтініштерін жеткізді.

Халық қалаулысы барлық мәселеде статистика дұрыс болмай, көзбояушылықтан арылмай, жағдай дұрысталмайтынын айтты.

-Үкімет «Жаңа Қазақстанды» құруда әр саладағы өзіңіз сияқты жандарға арқа сүйейді. Сондықтан Сіздер шындықты айтып, бірігіңіздер. Сонда шешілмейтін мәселе болмайды.

Келесі кезекте қабылдауға келген үш азамат та тұрақты жұмысқа орналасуына көмек сұрай келіпті. Олардың бірі көпбалалы ана болса, бірі жалғызбасты ана, ал енді бірі мүмкіндігі шектеулі жан. Олар әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандар.

Бұл азаматтар мен азаматшалардың өтініші бойынша аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ауданда атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы түсіндірді.

-Өтінішпен келіп отырған жандар арнайы мамандығы болмағандықтан, бүгінгі таңда қоғамдық жұмысқа тартылған. Қоғамдық жұмыстың мерзімі алты ай. Қазіргі таңда қоғамдық жұмыстың мерзімін ұзарту туралы облысқа сұраныс жіберлген. Мәселе зерделеніп, шешілсе, бір жылға ұзартылуы мүмкін,- деді Анар Ахметова.

Ал, тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы ананың «Тұрғын үйге қашан қол жеткіземіз?» деген сұрағына Анар Садыққызы бүгінгі таңда ауданда 18 пәтерлі бір тұрғын үйдің салынғанын, енді 60 пәтерлі он тұрғын үй салу жоспарланып отырғанын, оның бүгінгі таңда құжаттары дайын екенін, қаржы бөлінсе, құрылысы басталатынын, бұл үйлер салынса, мәселе шешілетінін түсіндірді.

Сонымен бірге, «Темір жолдың төменгі бөлігінен өтетін көпір кеңейтілсе, Күреңбел ауылында интернет мәселесі шешімін тапса» деген өтініш-тілектер мен «тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады?» деген сауалдар қойылды. Сұрақтарға жауапты мамандар жауап берді. Сондай-ақ, жайылымдық жер, жерге пайдалануға қатысты конкурсқа қатысты мәселелер көтерілді. Бала санына байланысты зейнетке шыққан көпбалалы ана тайғайындалған зейнетақысына көңілі толмайтыны, яғни дұрыс есептелмеген деп есептейтіні жайлы айтты. Бұл азаматшаның мәселесін назарға алу «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нарымбековке тапсырылды.

Ал, аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияға ғимарат ішінен қосымша әжетхана салу қажеттігі жайлы мәселемен қайырылған Нүрилә Мәлібекованың сауалын Мейрамбек Төлепберген қоғамдық қабылдауға облыстық білім басқармасынан келген маманға тапсырды. Маман басқармамен байланысып, егер сараптамалық құжаты әзірленіп бітсе, шешімін табатынын жеткізді. М.Мылтықбайұлы білім бөлімінің маманына аудан орталығындағы іргелі мектептің мәселесі оқу жылы аяқталған соң бірден шешімін табуы керек деп тапсырды.

Халық қалаулысы бұдан соң аудандық орталық ауруханаға барып, ақ халатты абзал жандармен кездесті.

-Іссапар барысында аудандық ауруханаға келуді жөн санадым. Мақсатым – сіздермен кездесіп, жағдайларыңызды білу, мәселелеріңізді тыңдау. Себебі, денсаулық сақтау саласы маңызды сала. Індетпен күрестегі еңбектеріңіз үшін сіздерге басымызды иіп алғысымызды білдіреміз.

Тәуелсіздік – басты байлығымыз. Кешегі қаңтар оқиғасында тәуелсіздікке ең керегі – тұрақтылық, ауызбіршілік, ынтымақ, әділдік, білімділік, мәдениет екенін білдік. Болған жағдайдан сабақ алып, барлығымыз жықсылыққа, шынайылылыққа топтасуымыз керек. Бірінші ой-санамызды түзейік. Жауапкершілікті біреуге итермей, өз мойнымызға алуымыз тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта өте қиын, өте керек шешімдерді қабылдады. Біз Президентімізге қолдау білдіріп, еліміздің тыныштығы, ұрпағымыздың амандығы, бақыты үшін үлес қосуға міндеттіміз.

Одан кейінгі қоғамға қажет қасиет — орынсыз момын, орынсыз пысық, орынсыз ақылды болмауымыз керек. Бәрінің орнымен, жөнімен болғаны дұрыс,- деді Мейрамбек Төлепберген.

Дәрігерлердің атынан сөз сөйлеген аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков әлеуметтік желіде оңды-солды пікір жазушыларға сүзгі болса, дәрігерлердің мәртебесі қорғалса, білікті дәрігерлер лайықты бағаланса десе, аурухананың бас дәрігері Батырбек Балтабайұлы дәрігерлерге жалақы төлеуде категория есептелмейтіні, яғни тоқтатылып тұрған бұл мәселе жалғасса, тозығы жеткен ауылдық денсаулық сақтау мекемелерін жөндеу, жаңадан салу мәселелері әрі қарай да жалғасын тапса деген ұсынысын жеткізді.

Мәжіліс депутаты барлық мәселені тиісті министрлікке жеткізетінін айтты.

Мейрамбек Мылтықбайұлы бұдан соң «Қаралма» тау-шаңғы туристік кешеніне барып, мән-жайды өз көзімен көріп, кәсіпкермен кездесіп қайтты.

Кешендегі жұмыс барысын аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы мен «Таразстрой-2004» ЖШС-нің директоры Қуат Баққараев баяндады.

Бүгінгі таңда кешенге барар жол салынған, газ, су құбырлары тартылған. Электр жарығы жүргізілген.

Бүгінгі таңда «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің инвесторы «Таразстрой-2004» ЖШС-ның өндірістік инфрақұрылым (сумен жабдықтау және кәріз жүйесін) жүргізу мақсатында құжаттары толығымен жинақталып, өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралып, оң шешімін алды. Бұдан әрі, жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыру мақсатында тиісті басқарма басшыларымен ҚР ҰЭМ-де жобаның тиімділігі қаралып, мақұлданды. Жалпы жоба құны 583,4 млн.теңгені құрайды. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы инфрақұрылымды жүргізуге конкурс жарияланып, 424,0 млн.тг «Таразстрой-2004» ЖШС жеңімпаз атанып сатып алу заңдарына сәйкес құжаттары рәсімделіп, инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жүргізілуде.

Қысқасы кәсіпкердің айтуынша, мұнда жұмыс 80 пайызға атқарылған. Қалған жұмыстар алдағы уақытта атқарылып, жыл соңына дейін іске қосылады деп нақты жоспарлануда.

Асхат Базарбайұлы жоспардан тыс кешенге жазғы бассейн салу жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен бірге жазда бие байлап, қымыз дайындау тағы да басқа кәсіпкерлік түрлерімен халыққа қызмет көрсету жүзеге асатыны жоспарланып отырғанын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.