Имандылық ұясы

Өміріміздегі ең сауапты іс Алланың бізге бұйырған парыздарын орындау болса, сол парыздарды орындауға ең құтты мекен – мешіт. Мешіт – күллі адамзатты жаратқан мейірімді Аллаға құлшылық жасауға арналған таухид орны. Құран аятта «Шүбәсіз, мешіттер – бір Аллаға тән. Ендеше, Алладан өзгеге әрі ешнәрсеге дұға етіп, жалбарынбаңдар» делінген.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық бедерінде ауданымызда көптеген мешіт бой көтерді. Өңірімізде алғашқы Алла үйі 2001 жылы меценат Ағәділ Еркебаевтың демеушілігімен Ерназар ауылында салынды. Заман талабына сай соғылған Әбдіһайым мешітіне 2007 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2015 жылы ауылдың тумасы, белгілі аяқдопшы Серік Жаманқұлов мешіт жанынан асхана соғып берді. Биыл кәсіпкер Қайрат Қоқымбаев өз қаражатына жылыту жүйесін тартып берсе, 1984 жылы туылған ауыл азаматтары мешіт ауласына түнгі жарық орнатты.
Бұл ретте ауылдың белді азаматтары Ермек Әзімов, Мырзахан Әбдіқұлов, кәсіпкер Әсет Сүлейменовтің мешітке көмек көрсетіп, қолдау білдіргенін айта кеткен жөн.
Жуырда Әбдіһайым мешітінде жергілікті жамағат бас қосты. Ауыл имамы Ғалымжан Қадыров ата-бабалар рухына құран бағыштап, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тіледі.
Жалпы, мешіт жамағатының бірлігі бекем, өзара сыйластығы мен құрметі ерекше. Олар әркез әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмектесіп тұрады. Тағы бір қуантатыны, жамағат арасында жат ағымның жетегінде жүргендер жоқ.

Ильяс Қалыбекұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.