Мәуліт – ізгілік мерекесі

Мәуліт – мұсылмандар үшін айрықша мереке. Мұхаммед пайғамбар дүниеге келген айды ерекше күтіп алу мұсылмандар үшін зор құрмет саналады. Бұл мереке Хақ Елшісі Мұхаммед пайғамбарға деген үлкен сүйіспеншіліктен туындаған. Сол үшін де осы айда Мұхаммед пайғамбарға көбірек салауат айтып, сәлем жолдаудың сауабы мол. Бұл жайында «Ахзаб» сүресінің 36-аятында: «Шынында да, Алла мен оның періштелері Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар» делінген.

Пайғамбардың өнегеге толы өмірі мен мағынасы терең өсиетін халқымызға насихаттау – баршаға ортақ игі іс. Соңғы жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен елімізде Мәулітті, яғни Пайғамбарымыздың туған күнін атап өту игі дәстүрге айналды. Осы күні Мәдениет үйлерінде түрлі шаралар, мешіттерде ізгі істер ұйымдастырылып, Пайғамбарымыздың ғибратты ғұмыры кеңінен насихатталады.
Пайғамбарымызды әрі исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын рухани кештер мен жиындарды ұйымдастыру – мерекенің негізгі мақсаты ғана емес, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен халыққа жаһандану шырмауына ілікпей, кемелденуіне септігін тигізеді.
Осыны қаперге алған ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбеков аудандық Мәдениет үйінде Мәуліт мейрамы құрметіне мерекелік шара ұйымдастырды.
Өз кезегінде жиналған көпшілік Айшабибі ауылының имамы Қатарбай Тәжібаев оқыған құранға қол жайып, бет сипады. «Тұрғани» мешіті жамағатының айтқан салауатын тыңдап, үн қосты. Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Айтулы шарада аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы көпшілікке ізгі тілегін арнады. Ауыл имамдары – Қуаныш Исмаилов, Аңсар Абилов, Ғани Таңатаров, Қатарбай Тәжібаев, Сәбит Естеков, Рахматулла Каримов, Ержан Сапарбеков, Айтжан Керімовтерді Алғыс хатпен марапаттады.
Соңынан көпшілік назарына Пайғамбарымыздың өмірінен сыр шертетін «Өнегелі өмір» атты бейнебаян ұсынылды.
Шарапаты мол Мәуліт мерекесі халқымызға құтты болсын. Алла елшісін көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Бұл мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне сеп болғай.

Ильяс Қалыбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.