Жамбылдық шаруалар қызылша жинауға кірісті

Қара күзде шаруалар көктем мезгілінде жерге орналастырған қант қызылшасын жинай бастайды. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Жарасбаевтың мәліметіне сүйенсек, аудан дихандары биыл 700 гектарға тәтті түбірдің эйдер, акация, виорика сұрпын орналастырған.

Өңірде қант қызылшасын жинау науқанын алғашқылардың бірі болып Нуритдин Бегманов басшылық ететін «Қызылдихан» өндірістік кооперативі бастады. Кооператив биыл 100 гектарға тәтті түбір егіп, әр гектардан орташа есеппен 600 центнерден өнім алуда.
Бұл туралы Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаров:
– Кооператив 50 гектар балтамырды тамшылатып, 50 гектарын жаңбырлатып суарды. Бүгінде егістікте 5 трактор, 3 өнім артатын техника, 10 тасымалдаушы жүк көлігі мен 15 жұмысшы тынымсыз еңбек етуде. Бірер күнде егістіктегі қарбалас аяқталады, – дейді ол.
Кооператив төрағасы Нуритдин Бегманов жұмысқа ауыл азаматтарының тартылғанын жеткізді.
– Балтамыр егуді бірнеше жылдан бері жалғастырып келеміз. Бұрын арық-атызбен суаратын болсақ, кейінгі кездері су үнемдеу технологиясының игілігін көріп жатырмыз. Қызылша – кеш пісетін өнім. Ендігі мақсатымыз өнімді жауын-шашынға ұрындырмай жинап алып, қант зауытына өткізу. Жауапты науқанға ауыл тұрғындарын тартып отырмыз, – дейді Нуритдин Бегманов.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.