«Ұлы дала» ықшамауданы жаңаша кейіпке енеді

Бүгінде Тараз қаласы тотыдай түрленіп, жаңаша кейіпке енуде. Шаһардың аумағы жыл санап кеңейіп, халық саны да артып келеді. Есесіне тұрғын үйлер көптеп бой көтеріп, ел игілігіне берілуде. Әсіресе, соңғы бірер жылдың бедерінде №15 «Ұлы дала» ықшамауданында құрылыс жұмыстары қарқын алды. Десе де, құрылыс жұмыстары барысында бірқатар кемшіліктерге жол берілгенін жоққа шығара алмаймыз. Бүгінде осы олқылықтардың орны толып, кемшіліктер қалпына келтірілуде.

Жалпы, Тараз қаласы Сүлейменов көшесінің соңындағы №15 ықшамауданның алаңы 362,2 гектар алқапты алып жатса, тұрғындар саны 48 500 адамды құрайды.

2018 жылдан бастап мұнда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, 2018-2022 жылдар аралығында 96 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталды. Бүгінде аталған тұрғын үйлердің игілігін ел көріп отыр.

Бүгінгі күнге 220 пәтерлі 3 үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды.

Тұрғын үйлерді салудан бөлек олардың инженерлік-коммуникациялық желілерін жақсарту да аса маңызды. Бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, қазіргі таңда 66 тұрғын үй ішкі алаңдық абаттандыру желілерімен қамтылуда.

Қазіргі таңда «Ұлы дала» ықшамауданындағы ішкі алаңдық абаттандыру, көше жарығы және жол жабындысы бойынша көптеп арыз-шағымдар түсуде. Осыған байланысты аталған ықшамауданды абаттандыру, көше жарығы, сквер және аллея салу бойынша ағымдағы жылы жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, 2024 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар ықшамаудан маңындағы «Түйте» каналының айналасы толығымен абаттандырылады. Бұдан бөлек ықшамауданда демалыс саябағы, сквер, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтереді.

Бұл атқарылған және атқарылатын жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы межелі міндет бұдан да ауқымды.

Жүйелі жолға қойылған ілкімді істердің арқасында «Ұлы дала» ықшамауданы жаңаша кейіпке еніп, қаланың ең көрікті әрі ірі аумақтарының біріне айналатыны хақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.