III бөлім
Президент
42-бап
- Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, Қазақстан атынан ел ішінде және халықаралық қатынастарда өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.
- Қазақстан Республикасының Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі
кепілі. - Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының біртұтас Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
43-бап
- Қазақстан Республикасының Президентін Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайлайды.
Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды.
- Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жыл жұмыс істеген Қазақстан Республикасының азаматы сайлана
алады. - Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі және Қазақстан Республикасы Құрылтайының жаңа құрамын сайлау мерзімімен тұспа-тұс келмеуге тиіс.
- Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астам дауысын алған кандидат сайланды деп саналады. Кандидаттардың ешқайсысы елу пайыздан астам дауыс ала алмаса, ең көп дауыс санын алған екі кандидат қайта дауысқа салынады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауыс санын алған кандидат сайланды деп саналады.
- Осы баптың 1-тармағының ережелері өзгермейді.
44-бап
- Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.
- Ант беру рәсімі сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының, Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерінің, сондай-ақ қоғам өкілдері мен шақырылған шетел азаматтарының қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 51-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде ант береді.
- Жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі тоқтатылады. Қызметінен кетірілгендерден басқа, Қазақстан Республикасының барлық бұрынғы Президенттерінің Қазақстан Республикасының экс-Президенті атағы болады.
45-бап
- Қазақстан Республикасы Президентінің өз өкілеттігі кезеңінде өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияда болуға құқығы жоқ.
- Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші лауазымында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшы лауазымында болуға құқығы жоқ.
46-бап
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау жасайды;
2) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындайды; Вице-Президентті лауазымынан босатады, оның өкілеттігін айқындайды.
Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Вице-Президентті тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;
3) Қазақстан Республикасы Құрылтайының кезекті және кезектен тыс сайлауын тағайындайды; Құрылтайдың бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақырады; Құрылтай ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жариялайды немесе заңды не оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
4) Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациядан кейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кандидатурасын келісім беру үшін Құрылтайдың қарауына ұсынады; депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Премьер-Министрді тағайындайды; Премьер-Министрді лауазымынан босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкімет құрылымын айқындайды; Құрылтаймен консультациядан кейін Премьер-Министр ұсынған Үкімет мүшелерін тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін лауазымынан босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; аса маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді.
Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Премьер-Министрді тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;
5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Жоғарғы Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Мемлекеттік күзет қызметінің Бастығын, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайды және оларды лауазымынан босатады;
6) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын тағайындайды және лауазымынан босатады;
7) Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын тағайындайды және кері шақырып алады;
8) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Конституциялық Соттың он судьясын сегіз жыл мерзімге, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін бес жыл мерзімге, Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін бес жыл мерзімге тағайындайды; оларды лауазымынан босатады.
Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;
9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және лауазымынан босатады;
10) жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдайды;
11) адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің Егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде Конституциялық Сотқа күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы және Конституцияның 93-бабында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы өтініш жібереді;
12) Қазақстан Республикасының атынан келіссөздер жүргізеді және халықаралық шарттарға қол қояды; ратификациялық грамоталарға қол қояды; шет мемлекеттердің
Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктері басшыларының, сондай-ақ халықаралық ұйым басшыларының сенім және кері шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
13) мемлекеттік наградаларды, құрметті атақтарды белгілейді;
14) мемлекеттік наградалармен марапаттайды, құрметті атақтарды, жоғары әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді;
15) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселесін, саяси баспана беру мәселесін шешеді;
16) кешірім беруді жүзеге асырады;
17) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен аумағының тұтастығына, ішкі саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне тікелей қатер төнсе және бұл мемлекеттік конституциялық органдардың жұмыс істеуін бұзуға алып келсе, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және Құрылтайы Төрағасымен ресми консультациядан кейін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе жекелеген аймақтарында төтенше жағдай енгізуді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, осы мән-жайлар талап ететін шараларды қабылдайды;
18) Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген аймақтарында соғыс жағдайын енгізеді, ішінара не жалпы жұмылдыру жариялайды, бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына дереу хабарлайды;
19) өзіне бағынатын Мемлекеттік күзет қызметін құрады;
20) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін құрады;
21) Қауіпсіздік Кеңесін, өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесін құрады;
22) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
47-бап
- Қазақстан Республикасының Президенті Конституция мен заңдар негізінде және олардың орындалуы үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады.
- Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол уақытша болмаған кезеңде Қазақстан Республикасының конституциялық заң күші немесе заң күші бар жарлықтар шығарады.
- Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғанға дейін заңдарды Құрылтай Төрағасы мен Премьер-Министр алдын ала қол қойып бекемдейді және оларға заңдардың Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.
Үкімет бастамасымен шығарылатын Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін Премьер-Министр алдын ала қол қойып бекемдейді және оған актілердің Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.
48-бап
- Қазақстан Республикасының Президентіне, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.
Мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, Президент өкілеттігін атқару кезіндегі әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Президенті қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.
- Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
- Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-Президенттеріне қолданылады.
49-бап
- Қазақстан Республикасының Вице-Президентін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Қазақстан Республикасы Құрылтайының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.
- Вице-Президенттің өз өкілеттігі кезеңінде өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияда болуға құқығы жоқ.
- Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
50-бап
- Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына мәлімдеме беру арқылы өз еркімен орнынан түсуге құқылы. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің орнынан түсу туралы мәлімдемені өзі және өз еркімен бергенін растайды. Конституциялық Сот қорытынды берген сәттен бастап Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне байланысты лауазымынан босатылды деп саналады.
- Қазақстан Республикасының Президенті денсаулығына байланысты өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілеті болмаған жағдайда мерзімінен бұрын лауазымынан босатылуы мүмкін. Бұл жағдайда Құрылтай депутаттардан және тиісті медицина салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзімінен бұрын босату туралы шешім комиссияның қорытындысы негізінде және Конституциялық Соттың белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы қорытындысы негізінде Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылданады.
- Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттігін атқару кезіндегі әрекеті үшін мемлекетке опасыздық жасағанда ғана жауапты болады және бұл үшін Құрылтай оны қызметінен кетіруі мүмкін. Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп айып тағу және оны тергеп-тексеру туралы бастаманы Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірі көтереді. Бұл мәселе бойынша шешім Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Құрылтай тағылған айыпты тергеп-тексеруді ұйымдастырады және оның нәтижелері Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай отырысының қарауына шығарылады. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім Жоғарғы Соттың айып тағудың негізділігі туралы қорытындысы және Конституциялық Соттың белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы қорытындысы болған жағдайда Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылданады. Айып тағылған сәттен бастап екі ай ішінде түпкілікті шешім қабылданбаса, бұл Қазақстан Республикасының Президентіне қарсы айыпты қабылданбады деп тануға алып келеді. Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың кез келген сатыда қабылданбауы осы мәселені қарауға бастамашы болған Құрылтай депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға алып келеді.
- Қазақстан Республикасының Президентін қызметінен кетіру туралы мәселе Құрылтайдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін қарау кезеңінде ұсынылмайды.
51-бап
- Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Вице-Президентке өтеді; Вице-Президенттің денсаулық жағдайына немесе жеке сипаттағы өзге де себептерге байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Құрылтай Төрағасына өтеді; Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін Құрылтай Төрағасының қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Премьер-Министрге өтеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған тұлға Конституциялық Сотқа Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту туралы мәлімдеме береді. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту туралы мәлімдемені осы тұлғаның өзі және өз еркімен бергенін растайды және қорытынды береді.
Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Вице-Президент, Құрылтай Төрағасы, Премьер-Министр өкілеттігін доғарады. Бұл жағдайда бос мемлекеттік лауазымдарға орналасу Конституцияда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
- Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде Құрылтай Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы жариялайды. Сайлау Құрылтай тиісті шешім қабылдаған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
- Осы баптың 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлғаның Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасауға, сондай-ақ Құрылтайды таратуға құқығы жоқ.
IV бөлім
Құрылтай
52-бап
- Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкiлдi органы.
- Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады.
- Құрылтайдың өкілеттігі Конституцияда көзделген жағдайда және белгіленген тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
- Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңда айқындалады.
53-бап
- Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйе негізінде конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.
- Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
54-бап
- Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Құрылтай депутаттарының кезекті сайлауы жұмыс істеп тұрған Құрылтай шақырылымының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.
- Құрылтай депутаттарының кезектен тыс сайлауы Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
- Жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан адам Құрылтай депутаты бола алады.
- Құрылтай депутаттарының сайлауы конституциялық заңмен реттеледі.
- Құрылтай депутаттары Қазақстан халқына ант береді.
55-бап
- Құрылтай депутаттары оның жұмысына қатысуға міндетті. Құрылтайда депутаттың жеке өзі дауыс береді. Депутат Құрылтай мен оның органдарының отырыстарына дәлелді себепсіз үш реттен артық қатыспаса, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға берсе, бұл заңда белгіленген жазалау шараларын қолдануға алып келеді.
- Құрылтай депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы талаптарды бұзу депутаттың өкілеттігін тоқтатуға алып келеді.
- Құрылтай депутатын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
- Құрылтай депутатының өкілеттігі депутат орнынан түскен, қайтыс болған, заңды күшіне енген сот шешімімен әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайда тоқтатылады.
Құрылтай депутаты:
1) Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) өзіне қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;
4) сайланған саяси партиясынан шыққан немесе шығарылған;
5) сайланған саяси партиясы қызметін тоқтатқан кезде мандатынан айырылады.
Құрылтай депутаттарының өкілеттігі Құрылтай таратылған жағдайда тоқтатылады.
- Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 2-тармағының талаптарын және депутаттық әдеп қағидаларын сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға, оларды өкілеттігінен және қол сұғылмау кепілдігінен айыруға байланысты мәселелерді дайындау Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледі.
56-бап
Құрылтай:
1) конституциялық заңдарды және заңдарды қабылдайды;
2) Қазақстан Республикасының Президенті қарсылық білдірген заңдарды немесе заң баптарын қарсылық жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайта талқылап, дауысқа салады. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылығының қабылданғанын білдіреді. Егер Құрылтай конституциялық заңдар немесе конституциялық заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының төрттен үшінің дауысымен, ал заңдар немесе заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының үштен екісінің дауысымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға немесе заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығы еңсерілмесе, конституциялық заң немесе заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп саналады;
3) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану туралы шешім қабылдайды;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын жариялайды;
6) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;
7) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындауға келісім береді;
8) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауға келісім береді;
9) Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауына Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен келісім береді;
10) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлайды және лауазымынан босатады, олардың антын қабылдайды;
11) Конституциялық Сот судьяларын, Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айырады;
12) Құрылтай депутатының өкілеттігін тоқтатады,
сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуымен Құрылтай депутатын қол сұғылмау кепілдігінен айыру мәселесін шешеді;
13) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге құқылы;
14) Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;
15) жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата Төрағасының есебін тыңдайды;
16) Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылайды және бекітеді. Құрылтайдың республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін бекітпеуі Құрылтайдың Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруі деп саналады;
17) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің өз қызметі жөніндегі есептерін тыңдауға құқылы. Үкімет мүшесі Қазақстан Республикасының заңдарын орындамаған жағдайда, есепті тыңдау қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен Қазақстан Республикасының Президентіне оны лауазымынан босату туралы өтініш білдіру жөнінде шешім қабылдауға құқылы. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Үкімет мүшесін лауазымынан босатады;
18) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша тыңдау өткізеді;
19) өз қызметінің регламентін қабылдайды және Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыруға, ішкі тәртібіне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешім қабылдайды;
20) Құрылтайдың үйлестіру органын және жұмыс органдарын құрады;
21) Құрылтай комиссияларын құрады, төрағаларын сайлайды және лауазымынан босатады, комиссиялардың қызметі туралы есепті тыңдайды;
22) Құрылтайға Конституциямен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
57-бап
- Құрылтайды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған Төраға басқарады. Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.
Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.
- Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда Құрылтай Төрағасы лауазымынан кері шақырып алынуы, сондай-ақ орнынан түсуі мүмкін.
- Құрылтай Төрағасы:
1) Құрылтай отырысын шақырады және оған төрағалық етеді;
2) Құрылтайдың қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға жалпы басшылық етеді;
3) Құрылтай Төрағасының орынбасарларын лауазымға сайлау үшін Құрылтайға кандидатуралар ұсынады;
4) Құрылтайдың қызметінде регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;
5) Құрылтайдың үйлестіру органының қызметіне басшылық етеді;
6) Құрылтай шығаратын актіге қол қояды;
7) өзіне Құрылтай регламентімен жүктелетін басқа да міндеттерді атқарады.
- Конституцияда өзгеше көзделмесе, Құрылтай Төрағасы Құрылтай сессиясын ашады.
- Құрылтай Төрағасы өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкім шығарады.
58-бап
- Құрылтай сессиясы отырыс түрінде өткізіледі.
- Құрылтайдың бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады.
- Құрылтайдың кезекті сессиясы жылына бір рет, қыркүйектің бірінші жұмыс күні мен маусымның соңғы жұмыс күні аралығында өткізіледі.
- Сессия Құрылтай отырысында ашылады және жабылады. Құрылтай сессиясын, әдетте, Қазақстан Республикасының Президенті ашады. Құрылтай сессиялары арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасымен, Құрылтай Төрағасының немесе Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкін.
- Құрылтай отырысы Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.
- Құрылтай отырысы ашық түрде өтеді. Регламентте көзделген жағдайда отырыс жабық түрде өткізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің, Вице-Президенттің, Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының кез келген отырысқа қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.
59-бап
- Құрылтай конституциялық заңда саны айқындалатын тұрақты комитеттер, сондай-ақ комиссиялар құрады.
- Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулы шығарады.
60-бап
- Заң шығаруға бастама жасау құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке, Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі және тек қана Құрылтайда іске асырылады.
- Қазақстан Республикасының Президенті заң жобаларын қараудың басымдығын айқындауға құқылы, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезекте екі ай ішінде қабылдануға тиіс дегенді бiлдiредi.
- Құрылтай:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектісі болуына, азаматтық құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері мен жауаптылығына;
2) меншік режиміне және өзге де заттық құқықтарға;
3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге немесе олардың күшін жоюға;
5) республикалық бюджет, мемлекеттік қарыз, Қазақстан Республикасының экономикалық және өзге де көмек көрсету мәселелеріне;
6) сот құрылысы мен сот ісін жүргізу мәселелеріне;
7) рақымшылық жасау мәселелеріне;
8) білімге, ғылымға, мәдениетке, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;
9) кәсіпорындарды және олардың мүлкін жекешелендіруге;
10) қоршаған ортаны қорғауға;
11) Қазақстан Республикаcының әкімшілік-аумақтық құрылысына;
12) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне;
14) халықаралық шарттарды ратификациялауға және денонсациялауға;
15) мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға;
16) Конституцияға сәйкес өзге де мәселелерге қатысты аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, негіз құраушы қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заң шығаруға құқылы.
- Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі заң шығару бастамасымен енгізген заң жобаларын Құрылтай дереу қарауға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген заң жобалары Құрылтайға енгізілген жағдайда Үкімет өзіне жауапкершілік ала отырып, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдауға құқылы. Мұндай акт Құрылтай қабылдаған заң күшіне енгенге дейін немесе Құрылтай заң жобаларын қабылдамай тастағанға дейін қолданыста болады.
- Құрылтай қабылдаған заң он күн ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсынылады.
Құрылтай заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен тұтастай қабылдамай тастауға құқылы. Мұндай жағдайда заң жобасы қабылданбады деп саналады және бастамашыға қайтарылады.
- Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Үкіметтің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасымен Құрылтайға енгізілетін заң жобалары үшін мұндай қорытынды талап етілмейді.
- Үкімет енгізген заң жобасы қабылданбаса, Премьер-Министр Құрылтай отырысында Үкіметке сенім білдіру мәселесін қоюға құқылы. Бұл мәселе сенім білдіру мәселесі қойылғаннан бастап қырық сегіз сағаттан кейін ғана дауысқа салынады. Егер сенімсіздік вотумы туралы ұсыныс Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысын алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп саналады. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.
61-бап
- Құрылтай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар заң және қаулы қабылдайды.
- Заң Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
- Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген мәселелер бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен қабылданады.
- Конституцияда өзгеше көзделмесе, Құрылтай депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен заңды қабылдайды.
Конституцияда өзгеше көзделмесе, Құрылтай қаулысы депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.
- Заңдар, Құрылтай қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиіс. Құрылтай қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиіс.
- Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртібі заңмен және Құрылтай регламентімен реттеледі.
62-бап
- Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай Төрағасымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейін Құрылтайды таратуға құқылы.
- Құрылтай келісімімен тағайындалатын лауазымға Президент ұсынған кандидатураны тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған, сондай-ақ Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.
- Құрылтайды төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында,
сондай-ақ алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Конституцияның 51-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайда таратуға болмайды.