Облыстық кезеңге жолдама алды

Биыл егеменді ел болып, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толады. Осы ретте мерекенің мәнін ашу, қадір-қасиетін, маңыздылығын өскелең ұрпаққа ұғындыру мақсатында аудандық білім бөлімі тарапынан көптеген жұмыс атқарылуда.

Жуырда білім бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты аудандық мәнерлеп оқу байқауы өтті. Байқауға қатысқан дарынды өрендердің өнерінен бөлек, бойында бар ұлтжандылықты көріп, іштей қуанып қалдық. Шыны керек, кеудені мақтаныш кернеді. Олар жарыс ережесіне сәйкес кіші (8-10 жас), орта (11-13 жас), жоғары (14-16 жас) топ болып үшке бөлініп, қазақтың белгілі ақындарының патриоттық сарындағы өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Жыр-шумақтары арқылы Тәуелсіздікке, Отанға, Желтоқсан құрбандарына тағзым етіп, құрмет білдірді.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Бақытжанова, Ә.Әйтиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Светлана Құлбарақова, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнұр Меркібаева қазылық еткен байқауда Гродеково орта мектебінің оқушысы Нұрай Хожабекова (кіші топ), Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Инсан Разбай (орта топ), Айшабибі орта мектебінің оқушысы Әнел Айдаралиева (жоғары топ) топ жарып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық білім бөлімінің дипломымен марапатталды.

Ильяс Қалыбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.